«КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ: БІЛІМ МЕН ӨНЕР ТОҒЫСЫНДА»
Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжімен бірлескен «КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ: БІЛІМ МЕН ӨНЕР ТОҒЫСЫНДА» республикалық әдістемелік-тәжірибелік семинары кәсіби идеялар мен шығармашылық тәжірибе тоғысқан маңызды алаңға айналды.
Көкшетау, Қарағанды, Орал және Ақтөбе өңірінің сала мамандары бас қосқан семинарда білім мен өнер саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, жаңа идеялар ортаға салынды. Қатысушылар кәсіби құзыреттілікті арттыру, шығармашылықты қолдау және білім беру үдерісін жаңғырту бағытында мазмұнды пікірлерімен бөлісті.
Идея алаңында педагогтер мен шығармашылық мамандар заманауи трендтер мен жаңа әдістемелерді талқылап, білім мен өнердің тоғысындағы интеграциялық мүмкіндіктерді қарастырды. Спикерлер өздерінің үздік тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби дамуға серпін беретін ойларымен бөлісті.
Іс-шараның сессиялық бөлімінде «Музыкалық білім беру», «Кітапхана ісі» және «Халықтық көркем шығармашылығы» бағыттары бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушыларға практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берілді. Шеберлік сабақтары шығармашылық ойлауды дамытып, тәжірибеге бағытталған мазмұнды тренингтермен жалғасты.
Әлеуметтік серіктесіміз — Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжінің ұжымына және басшылығына тығыз ынтымақтастығы, қолдауы және ортақ мақсаттарға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіреміз.

